Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы

  • Home
  • Kazakhstan
  • Nur-Sultan
  • Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы

Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылым

21/08/2023

Ш. Шаяхметов атындағы

🔸 Алматы қаласындағы Alatau Creative Hub орталығында «Махмұд Қашқари кітапханасы» атты түрік әдебиетінің кітап бұрышы аш...
17/07/2023

🔸 Алматы қаласындағы Alatau Creative Hub орталығында «Махмұд Қашқари кітапханасы» атты түрік әдебиетінің кітап бұрышы ашылды. Аталған бастаманы Түркия Республикасының Алматы бас консулдығы, «TURKTAV» түркі тарихы және мәдениеті қоры және Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірлесіп жүзеге асырды.

Шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директоры Мейрам Бектембаев, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Әли Рыза Ақынжы, «TURKTAV» қоры басшысы Омер Низаметтин Айкурт, Түркия Республикасы Президент аппараты жанындағы мемлекеттік архив басшысы Угур Унал мен БАҚ өкілдері қатысты.
Түркия Республикасының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан іс-шараның басты мақсаты - бауырлас ел Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени қарым-қатынастардың нығаюына ықпал жасау. Айта кетейік, түркі тарихы және мәдениеті қоры тарапынан сыйға тартылған 2000-ға жуық түрік тіліндегі кітаптар әдебиет, өнер, тарих, философия, ғылым тақырыптарын қамтиды. Алдағы уақытта Alatau Creative Hub орталығы келушілерге оқу, зерттеу және идеялармен бөлісу үшін ең қолайлы алаң болмақ.

🔸 Тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Байынқол Қалиұлының «Қазақ тілінің т...
14/07/2023

🔸 Тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Байынқол Қалиұлының «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» деп аталған еңбегі 2014 жылы жарық көрген еді. Бүгінгі сырашарға арқау еткелі отырғанымыз – сол сөздіктің биыл қолымызға тиген заңды жалғасы, яғни 2-томы.

– Қазақ тілінің қадірін арттырған үлкен сөздігіңіз жарық көрді. Сол сөздікпен танысқаннан кейін білсек деген көңілден туған бірнеше сұра­ғымды қойсам деймін. Тілдік қоры­мызды тілші ғалымдар халыққа жет­кі­лікті дәрежеде көрсете алып жүр ме? Шетелдерде бұл іс қалай жүзеге асырылады?

– Сөзде құдірет бар, күш бар! Ол адамды қуантады, жылатады. Сөзде мағына бар, мән бар! Ол адамды ойлантады, толғантады. Сөз миға нәр береді, оның мағыналары ойға сән, мәтінге мазмұн береді. Ақын Қадыр Мырза-Әлі: «Әр сөзде жан бар. Әр сөзде мың бояу, мың әуен болады», – дейді. Ал сөздіктерге, әсіресе түсіндірмелі сөз­діктерге келсек, ол – тіліміздің бай­лығы, тілдік қорымыздың қазыналы сарайы!

Тілдің осы құндылығын білетін өркениетті елдерде, нақтырақ айт­қанда, ағылшын тілін зерттейтін басты ғылыми-зерттеу орталығында қыз­мет ететін ғалымдардың ішінде тұрақты штаты, міндетті қызметі бар арнаулы маман болады екен. Оның негізгі мақсаты – әр жыл сайын жаңа шыққан барлық әдебиет (көркем әдебиеттер, ғылыми және ғылыми-көпшілік әдебиеттер, т.б.) мен барлық бұқаралық ақпарат құралын (газет, журнал, радио, теледидар, т.б.) күн сайын сүзіп шығып, олардағы жаңа сөздер мен жаңа терминдерді, жаңа фразеологиялық тұрақты тіркестерді жазып алып, арнайы журналға тіркеп отыратын көрінеді. Жай ғана жинап, тіркеп қана қоймай, сонымен бірге ол сөздер мен тұрақты тіркестердің авторлары кім, олар қашан және қай басылымның қай беттерінде жарық көрді деген мәселені де әлгі журналға ұқыптап жазып қояды екен. Әр 10 жыл сайын табылған әлгіндей сөздер мен тұрақты тіркестердің шағын сөздігі жасалынып, мағыналары түсіндіріледі, мысалдары келтіріледі. Сөйтіп, ол сөздердің тілдегі қақы көпшіліктің талқысына түседі. Көлемді үлкен ұлттық сөздік жасалса, даяр тұрған, әрі халықтың сараптауынан өткен жаңа сөздер мен тұрақты тіркестерді сол сөздікке қосып жібереді екен.
– 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінен» қалып қойған сөздердің сөздігін жасау идеясы ойыңызда бұрыннан бар ма еді?
– «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігін» жасауға басынан аяғына дейін түгел қатысып, оның 8 томына жауапты редактор болған, басқа да толып жатқан түрлі сөздіктер жасаудың барлық қиындықтары мен ауыртпалығын бастан өткерген адаммын. Он томдықтың алғашқы томдары жасалынып бітіп, баспадан шыға бастаған кезде олар туралы жазбаша пікірлер жазыла бастады (1974 ж.). Солардың бір-екеуі «сөздіктен мынандай сөздер, мынандай тіркестер қалып қойыпты» деп, өздерінің дәлелдерін келтіріп жүрді. Сол кезде «шіркін, қазақ тіліндегі барлық сөзді түгел жинап, ұлт тілінің сөз байлығын түгендер ме еді!» – деп армандайтынмын.
Бұл ойымды 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» жасалынып бітіп, күллі томдары баспадан толық басылып шыққаннан кейін ғана (2011 ж.) жүзеге асыруға шындап кірістім. Көп жылғы қажырлы еңбегімнің нәтижесінде 2014 жылы өзім жазған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деген сөздігім жарық көрді. Көлемі – 59,1 баспа табақ. Онда 15 томдықта жоқ, оған енбей қалған 10 мың 690 атау сөз бен 2 мың 645 тұрақты тіркес – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік қамтылған болатын.
Ал сіз сөз етіп отырған сөздік 2014 жылы шыққан сөздіктің заңды жалғасы, яғни соның 2-томы. Рас, менің бұл сөздіктерім толыққанды сөздік емес, толық сөздікке қосымша материалдар ғана. Яғни сөздігімнің 2-томы 15 томдықтан және өзім жазған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 1-томынан да қалып қойған тілдік бірліктер мен тіркестер сөздігі. Мұндай сөздікті жасаудағы басты мақсатым – тілімізде қолданылып жүрген сөздердің 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінен» қалып қойған сөздерді мүмкіндігінше мол жинап, оларды ретке келтіру, жүйелеу, мән-мағыналарын ашу, стильдік салаларын айқындап беру болатын.
Ол үшін, әлбетте сан кітап оқыдым. Сол кітаптарда және бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жаңа сөздер мен тіркестерді жинадым. Мысалдар алынған әдебиеттер мен газет-журналдардың тізімі сөздігімнің соңында – 643 әдебиеттің және 20 шақты газет-жұрналдың тізімі көрсетілген. Бұлар 2-ші томды жазу үшін кейіннен қарастырылған әдебиеттер ғана. Екі томдағы әдебиеттерді қоса есептесек, мен оқыған кітаптардың жалпы саны бір жарым мыңдай болып қалар.
– 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөз­дігінің» әр томын жеке-жеке ақтарып отырып жоқ сөздер мен тұрақты тір­кестерді іздеп, табу да оңай емес қой...
– Жоқ іздеу қашан да оңай болған емес. Бір малың жоғалса, оны ойдан-қырдан, тау-тастан, ауыл-аймақтан іздейсің. Менің сөздіктерде жоқ сөздерді іздеуім де сол тақылеттес. Жазушылар жазған шығармалардың бірін қолыңа алып, «осы кітаптың немесе романның қай сөзі, қай тұрақты тіркесі біздің сөздіктерімізде жоқ екен?» – деп, әлгі кітапты басынан аяғына дейін ұқыптап оқып шығасың. Азаптанғаныңа қарағанда іздеген нәрселеріңді тапсаң, жақсы ғой. Кейде түк те таппайтын кездерің болады. Кей кездерде олардан бірлі-екілі немесе үш-төрт сөз табылады. Соған да ат басындай алтын тапқандай қуанасың. Сөйтесің де, келесі кітапқа ауысасың.
Әрине, шаршайсың, шалдығасың. Қаншама уақытың, көз майың, денсау­лығың кетеді. Соған қарамастан «қазақ тілінің барлық сөзін түгендесем-ау» деген арман-мақсат пен ізгі тілек сені алға қарай жетелей береді.
Сөздік жасау 1-2 жыл көлемінде істей салатын оңай шаруа емес. Әсіресе, бұрын шыққан сөздіктерден қалып қойған, оларда кездеспейтін сөздердің сөздігін жасау – қиынның қиыны. Ол үшін алдымен сол жоқ сөздерді іздеп тауып алуың керек. Бұл жұмыс көп уақытты, көп ізденісті, тапжылмай отырып, көз майың таусылғанша еңбек етуді қажет етеді. Өзіңіз ойлап көріңізші: 300-400 немесе 500 беттік бір кітапты басынан аяғына дейін ұқыптап оқып шығып, одан сөздіктерде жоқ сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін іздеу оңай болсын ба?! Ал оқылуға тиісті ондай кітаптардің саны біреу емес, 1 және 2-томдардың соңында көрсетілгендей 1500 болса ше?!
Тоқ етерін айтқанда, мұнда, яғни сөздіктің осы 2-томында 10 690 сөз, 2 645 тұрақты тіркес – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік қамтылды.
– Бір адам үшін осынша сөз жинау оңай емес. Мұның бәрі қазақ тілі үшін маңызды, мәнді тілдік бірлік пе? Жоқ, әлде, олардың ішінде маңызды емесі де бар ма?
– Әрине, барлығы да тілімізді байы­та түсетін, маңызды, мәнді тілдік бірліктер. Олай болмаса, оларды сөздігіме енгізбес едім. Рас, бұлардың көпшілігі туынды сөздер, біразы ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздер мен жергілікті сөздер. Кірме сөздер де аз емес. Қалғандарының баршасы тілімізде кеңінен қолданылып жүрген тілдік бірліктер.
Оқырман көзін анық жеткізу үшін, осы 2-томдағы «Т» әрпінен ғана әдеби тілге қатысты біраз сөзді атап өтейін. Олар: танабау, таңбашы, таңғышқұр, тасатар, тауансыз, терісезу, тоқшәйнек, төртбақ, туажат, туысшылап, тұяққап, түмти, түркітану, түсініспеушілік, тырмышта, тізгінұстар, тізгін-шылбыр, тілтанушы, тіріөлік, т.б.
– Осынша сөздер мен тұрақты тіркестерді іздеп, табудың өзіндік әдісі бар шығар?
– Жоғарыда айттым, көркем әдебиеттерден, газеттерден, қала берді теледидар мен радиодан іздедім. Ал «қалай таптың» деген мәселеге осы жерде аздап тоқталайын. Кітаптарды, газет-журналдарды оқып, солардың ішінен «Осы сөз басқа сөздіктерде жоқ шығар» деген сөздерді кәртішкеге жазып аламын. Жазып алған сол сөз­дерімді сөздіктердегі сөздермен салыс­тырып, барын алып тастаймын да, ал жоғын жасағалы жатқан сөздігіме қосу үшін, реттеп, жүйелеп сақтап қоямын.
Жоқ сөздерді табудың екінші көзі болды. Ол – өзім жазған «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі» (2012) мен шәкірттеріммен бірігіп жазған «Мұқағали тілі сөздігі» (2019) және А.Байтұсынұлы атындағы Тіл білімі институты бұрынырақта жасаған «Абай тілі сөздігі» (1968) тәрізді сөздіктер. Осы қатарға шәкіртім Л.Жеребаеваның қосымша авторлығымен бірге жазған менің «Қазақ тіліндегі тілдік перифраздар» (2011 ж.) деген монографиялық еңбегімді де қосуға болады.
Бұлардан алынған сөздерді тағы да сол 15 томдық ҚӘТС-пен салыстырып, аталған еңбектерде бар, бірақ 15 томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді жасалып жатқан сөздікке әкеп қостым. Нақтырақ айтсам, 2-томға «Абай тілі сөздігінен» 78 сөз, «Мұқағали тілі сөздігінен» 62 сөз, ал «Қазақ тілінің тілдік перифраздарынан» 153 сөз тіркесі алынды.
Ерекше атап өту керек, бұл сөздікке (2-томға) көбірек үлес қосқан еңбек – өзім жеке-дара жазған «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі» болды. Одан осы сөздікке 750 өсімдік атауы,­ сол өсімдік атауларына қатысты мыңдай күрделі сөздер қосылды. Аталған еңбектерден алынған әлгіндей сөздердің жалпы көлемі 2-том көлемінің 20 пайызын құрайды.
– Жалғыз ғалым атқарған осыншама ұланғайыр еңбектің жарық көргеніне ел қуанып, әсіресе, әріптес­теріңіз сүйсініп жатқан болар?..
– Өз еркіммен, үкіметтен бір тиын да алмай, жалғыз өзім жасап шыққаныма көңілім тоғайып, біраз уақыт марқайып жүрдім. Мамандастарымның біреуі болмаса да біреуі бітірген ісіме риза болып, маған рахмет айтар деп күткенім де рас. Айтса айтқандай, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері уни­верситетінде ұстаз болып істейтін мамандасым – марқұм Бейбіт Ихсан «Қазақ лексикографиясының тарланбозы» деген тақырыпта мақала (рецензия) жазып, онда: «Байынқол Қалиұлы адам айтқысыз зор еңбек етіпті. Ол бір өзі бір институттың жұмысын атқарған» деген ойын білдірді (Қазақ әдебиеті газеті, 07.10.2015).
Одан бөлек Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, не басқа бір тіл маманы ләм-мим деп ауыздарын ашқан жоқ.
– Сөздігіңізге кейінгі кезде жасал­ған жаңа сөздерді де енгізген боларсыз?
– Тіліміздегі жаңа сөздерді де сөздігіме кіргізбек болып, бұқаралық ақпарат құралдарының (газет-жур­налдардың) біразын ақтардым. Құдайға шүкір, тіліміз де, оны қолда­нушылар да бар. Қазақша сөйлейміз, қазақша жазамыз. Бірақ жасалған жаңа сөздер көп жағдайда терең ойлы, ұлттық қуатқа ие, жан сүйсінетіндей емес.
Анық байқалғаны: қазіргі тілімізде шетелдік атаулар көбейіп келеді екен. Бұрын орыс тілінен алынған ондай сөздер көп болса, енді ағылшын тілінен енген сөздердің көптігі анық байқалады. Айти, смартфон, ютуб, фейсбук, блогер, букмекер, драйвер, дрон, брэнд т.б. дегендер тәрізді шетелдік сөздер жиі ұшырасады. Менің «жаңа сөздер» деп сөздігіме алған сөздерімнің біразы осы сияқтылар болды.
– Халқымыз қазір қазақша жаңа сөз жасамайтын болғаны ма?
– Шынын айтайын, журналистер де, жазушылар да, біз де (тілшілер де) қазақша жаңа сөз жасаудың орнына ағылшын сөзі бола ма, орыс тілінің сөзі бола ма – бәрібір тілімізге оларды қалай жазылса, солай ала саламыз. Ал сөз жасағымыз келсе, «атқа жеңіл телпекбай» бір ғана -дық/дік/тық/тік деген жұрнағымыз бар. Қай сөз табына болса да осы жұрнақты жалғай береміз. Мысалы, абданлық, абсолюттік, абстрактілік, авантюралық, авантюристік, авторлық, автохтонық, агломерациялық, агроклиматтық, адвалорлық, акробатикалық, акупунк­туралық, акцептілік, т.б. Осылай кете береді.
Есесіне төменде көрсетілген, ежелгі дәуірде жиі қолданылған – -ық/ік/қ/к (күрек), -ыс/іс/с (келіс), -қы/кі/ғы/гі (тепкі), -ын/ін/н (жуын), -қыш/кіш/ғыш/гіш (білгіш), -нықы/нікі (менікі), -қа/ке (босқа), т.б. толып жатқан жұр­нақтарымыздың көбі тілімізде «жұ­мыссыз» яғни қызметсіз қала береді.
Неге осылар сияқты жұрнақтары­мыздың бірін пайдаланып, жоғарғы шетелдік сөздердің мағынасын беретін, солардың орнына қолданылатын жаңа сөз жасамаймыз?! Жасауға болады. Бірақ оған мойнымыз жар бермейді. Жаңа сөз жасауды былай қойғанда, байырғы сөздеріміздің біразын тілімізде жиі қолданбағандықтан, оларды да біртіндеп жоғалтып келеміз. Мұндайда Алаш ардагерлерінің бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі ойыңа оралады.
– Қазақ тіліне көптеп еніп жатқан жатжұрттық сөздер тілімізде қалай қабылданып жүр?
– Шет тілдерден қазақ тіліне енген жатжұрттық сөздер үш түрлі тәсілмен қабылданады екен. Бірі – жоғарыда айттық, ондай сөздер орыс тілінде қалай айтылып, қалай жазылып жүрсе, біздің тілге де дәл солай, ешбір өзгеріссіз (мыс., ютуб, джип, т.б. деп) қабылданады. Екіншісі – сөздің түбірі шет тілінде, ал қосымшасы қазақша (мыс., фейсбуктік, цифрландыру, т.б.). Үшіншісі – қазақ тілінің ауызекі сөйлеу тілінің заңдылығы бойынша (мыс., кәстөм, реліс, пойыз, пірәндік, т.б.) қолданылады.
Оқығандар (зиялылар) бірінші, екінші тәсілдерді, ал қарапайым халық үшінші тәсілді жақтайды. Сөздігімізге осы үш тәсіл арқылы қабылданған сөздердің үшеуін де жарыстыра алдық. Сондағы мақсатымыз: «Қайсысы қазақ тілінің бастапқы тұғырын, табиғатын сақтап қала алады; Қайсысы қазақ тілін құрдымға жіберіп тынады?» деген мәселе төңірегінде оқырманның өзі ойланып көрсін дегендік.
Осы жерде мына бір ойды да қоса кеткім келіп отыр. Ол ой – қазақша дыбысталуы бойынша қолданылған кәперәтіп, нәшәндік, пәртпел, інтірнат сияқты кірме сөздерге байланысты. Мұндай сөздер көркем әдебиеттерде көптеп болмаса да, ара тұра кездесіп қалады. Ондайларды біз сөздігімізге осы жерде көрсетілгендей қазақша айтылуы бойынша алғанды жөн көрдік. Өйткені тілімізді байытатын нағыз кірме сөздер – осындай сөздер.
Мұндай кірме сөздер тілімізді шындығында байытады. Ал кооператив, матрёшка, начальник, портфель, интернат деген сияқты орыс тілінде қалай айтылып, қалай жазылса, бізде де солай қолданылып жүрген сөздер – кірме сөздер емес, олар – варваризмдер. Варваризмдер тіліміздің құрылым-құрылысын, табиғатын бұзады.
– Сөздігіңізге қарасам, енбеген сөз қалмаған сияқты. Сөз іздестірген әдебиеттерде кездескен, 15 томдықта жоқ сөздер мен сөз тіркестерінің бәрін сөздігіңізге түгелдей ала бердіңіз бе, жоқ, әлде оларды да сөздікке таңдап-талғап, іріктеп алдыңыз ба?
– Әрине, таңдап-талғап, іріктеп алдым. Мәселен, қазақ баспа сөздерінде жаңадан қолданыла бастаған, алайда ол сөздер беретін ұғым-түсініктер халқымыздың санасына әлі сіңе қоймаған және мән-мағыналары түсініксіз ағылшын, орыс, т.б. тілдерден енген верже, галлон, грифель, кварта, коуч, прол, пресс-папье, пинта деген сияқты сөздерді, тек ғалымдарға ғана таныс, солар ғана қолданатын ғылыми терминдерді, белгілі бір жазушыға ғана тән авторлық сөздерді, бас әріптері арқылы қысқарған сөздерді (сөздігімде көрсеткен бес-алтауынан басқаларын), мағыналары жағынан ешқандай айырмашылықтары жоқ, тек бір әрпі (дыбысы) ғана басқаша болып келетін фонетикалық варианттарды сөздігіме алмадым. Сондай-ақ «сағаттың тілі» деген, болмаса «шолақшалбар» деген сөздер тұрғанда, мен неге циферблат, шорти сөздерін сөздігіме алуға тиістімін?!
Жазбаша еңбектерде бірлі-жарым болса да ұшырасып қалатын беймағына, бейсаналылық деген сияқты сөздерді де осы қатарға қосуға болады. Өйткені бей- деген араб-парсы тілдерінде болмаса, қазақ тілінде жаңа сөз жасайтын жұрнақ емес. Олар түбір сөзбен бірге келген тұлғалар (префикстер). Тіліміздің заңдылықтарын білме­гендіктен, беймағына, бейсаналылық деген сияқты сөздер қате жасалып, қате қолданылып жүрген сөзсымақтар. Өйткені араб-парсының бей- префиксі қазақ тілінде жаңа сөз жасайтын қосымша бола алмайды.
– Сөздіктің қолжазбасын талқылау барысында сізге «2-томдағы сөздердің басым көпшілігі – туынды сөздер» деген сын айтылыпты. Бұл пікірге қалай қарайсыз?
– Ол рас. Солай болуы заңды да. Өйткені түбір сөздер сияқты туынды сөздер де тілімізде жиі және жүрдек қолданылады. Сондықтан болар, мен іздеп тапқан сөздердің ішінде туынды сөздердің саны түбір сөздердің санына қарағанда әлдеқайда көп.
Әдетте туынды сөздер әртүрлі жұр­нақтар арқылы жасалады. Ондай жұрнақтарды «жиі (актив) қолда­нылатын жұрнақтар» және «сирек (пассив) қолданылатын жұрнақтар» деп екі топқа бөлуге болады. Сирек қолданылатын жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөздер бәлендей көп емес, бірлі-жарым ғана. Мысалы: иіртпек, көтерме, қалбақай, қамажау, мөрдар, паңшікеш, ықпа, т.б.
Ал жиі қолданылатын жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөздерге келсек, олардың жалпы саны тым көп болғандықтан, сөздігіміздің алғы сөзінде алдымен оларды зат есімді туынды сөздер, сын есімді туынды сөздер, етістікті туынды сөздер және үстеулі туынды сөздер деп, төртке бөлуге болатынын айтып, олардың түр-түстері мен тұрпаттарын қысқа түрде көрсетіп алдық.
Өзіңіз айтыңызшы, мен сөздігіме алған осындай сөздік тұлғаларының қайсысы бір тілді сөздіктерге (үлкен, толық, академиялық, түсіндірмелі, т.б.) алынуға құқылы емес?!
Бәрі де құқылы, бәрі де сөздіктерге алынуға тиісті тілдік тұлғалар.
– Ал «сыз/сіз» тұлғалы сөздерге бай­ланысты айтылған сынға не дейсіз? «Мұндай сөздерді сөздіктерге атау­сөз ретінде алуға болмайды», – дейді сыншылар. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Кейбір мамандастарым -сыз/сіз тұлғалы сөздерді (жансыз, малсыз) сөздіктерге алуға қарсы екенін айтып жүр. Ал олар осы сөздік тұлғаның антоним сыңары -ды/ді, -ты/ті, -лы/лі тұлғалы сөздердің (малды, жанды) сөздіктерге алынуына қарсы болмайды.
Сонда қалай? Антоним жұрнақты сөздердің бірін сөздікке алып, екіншісін тастап кеткеніміз дұрыс па? Біздің ойымызша, -ды/ді, ты/ті, -лы/лі тұлғалары сөздіктерге алынады екен, олай болса, оған -сыз-сіз тұлғаларын да алғанымыз жөн. Себебі -ды/ді жұрнағы түбірге қандай мағына қосса, -сыз/сіз жұрнағы да өзіне тиесілі сондай мағына үстейді.
Ескерте кетейін, бұлар сияқты «жал­ғаулы-жұрнақты» сөздерді сөздікке алу ісі – тек менен ғана бас­талған жоқ. Олар «Абай тілі сөздігінде» де, 10 томдықта да, 15 томдықта да көптеп алынған. Мен өз сөздігімде ондай сөздік тұлғалардың тек 15 томдықта жоқтарын ғана қамтып отырмын. Онда да бәрін емес, әдебиеттерден мысал кездескендерін ғана. Айырмашылығы: мұндай жалғау-жұрнақты сөздер көрсетілген сөздік­терде аз, ал біздің сөздікте ол көбірек. -Сыз/сіздердің көзге түсіп қалып жүр­гендері мүмкін сондықтан болар.
– Кейбір әріптестеріңіз сөздігіңізді «атау сөздері көп, мысалдары аз сөздік» деп те атап жүр. Шындығында да солай ма?
– Иә, солай. Мұның несі айып? Қайта сөздіктің ықшамды болып шығуына мұның пайдасы зор емес пе?! Мысал демекші, сөздігіміздің көлемі шектен тыс үлкейіп кетпес үшін, о бастан-ақ оған берілетін мысалдарға өзіміз саналы түрде шек қойып отырдық. Бірлі-жарым болмаса, туынды сөздерге көбінесе бір-бірден ғана мысал беруге тырыстық. Кейде ғана, онда да әлгі сөз елге онша таныс емес, көне сөз болса, сирек қолданылса немесе сөз мағынасы түсініксіздеу болып тұрса ғана, оның мысал санын екіге жеткіздік. Етістіктің қимыл атауларына тіпті мысал да бергеніміз жоқ.
Алынған атау сөздердің тілі­мізде бар екеніне және олардың қолда­нылатындығына күмән келтіретіндер табыла қалса, «дереккөздерге қарап, көз­дерін жеткізіп алсын» деген ниетпен, сөздігімізде әр сөздің (әр мысалдың) кімнен, қайдан алынғанын және олардың беттерін көрсетіп отырдық.
– 15 томдық ҚӘТС-ке енбей қалған сөздердің бәрін түгел жинап алдым деп айта аласыз ғой?
– Жоқ, олай деп айтуға болмайды. Соңғы кезде мен Ж.Шаштайұлының екі томдық «Толық шығармалар жинағының» (2022 ж.) 1-томын оқып шықтым. Сонда бейілсіздік (313-бет), екіойлылық (304-б.), жартықұрсақ (203 б.), күреуіш (204 б.), құмалақшылық (250 б.), сыралғылылық (148-б.) деген сияқты сөздердің ешқайсысы 15 томдық пен менің сөздігімнің 1-2-томдарында жоқ болып шықты.
Десек те бір жағынан «жиналып болып қалды» деуге де келеді. Өйткені қазақ тілінің сөз байлығын түгендеу мақсатында 1966 –1986 жылдары 10 томдық, 1996–2010 жылдары 15 томдық түсіндірме сөздіктер жасалды. 2005 жылы «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» басылды. Онда 22 000 сөз қамтылған. Академик І.Кеңесбаевтің 1977 жылы шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» тағы бар. Мұнда 10 мыңнан аса тұрақты тіркестер алынған. 2014 жылы 15 томдықта жоқ сөздерге қатысты менің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деген бірегей еңбегім жарық көрді.
Екінші жағынан, қазақ тілінің сөздік қоры түгел жиналып бітті деуге әлі де ертерек. Себебі біз іздеп тапқан сөздің көпшілігі тілімізде сирек қолданылады және олардың біразын сөздікшілер сөз ретінде тани алмаған сөздер. Бір адамның аты – бір адам (Жаяудың шаңы шықпас). Көп болып іздесек, ондай сөздердің әлі де талайы табылатыны сөзсіз. Қазақ жазушылары біз «Пайдаланған әдебиеттердің» тізімінде көрсеткендей тек мың жарымдай ғана кітап жазған жоқ қой. Олардың жазған, жазбаған әлі де бірнеше мың кітабы бар. Жаңадан жазылып жатқандары қаншама! Солардың бәрін індете қарап шықсақ қазақ тілінің талай сөзі мен сөз тіркесін табуға әбден болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Сағатбек Медеубекұлы

https://anatili.kazgazeta.kz/news/62055

🔸 АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТАҒЫ БІР КІТАПШАСЫ ТАБЫЛДЫҰлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жұрт байқамай жүрген бір кітапшасын т...
13/07/2023

🔸 АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТАҒЫ БІР КІТАПШАСЫ ТАБЫЛДЫ

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жұрт байқамай жүрген бір кітапшасын тауып алдық. Бұл кітаптың табылуы тіптен қызық. Ат сабылтып, алыстан іздемедік. Өткен жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылы біршама олжалы болды.

Ғалымның күні бүгінге дейін табылмай келе жатқан «Мәдениет тарихы» бастаған бірнеше кесек еңбектерін қоспағанда, оншақты мақаласы мен арыз хаттарының табылуы қуанышты жаңалық. Белгілі ғалымдар тобы құрастырған он екі томдық толық жинағы мен бес томдық академиялық толық жинағына бұған дейінгі көп томдықтарына енбеген жазбалар қосылған болатын. Ал біздің бүгінгі сүйінші жаңалығымыздың құндылығы сол – алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар Ұлт ұстазының бұл кітапшасын қатпары мол қалың қалтарыстардан сан рет өтсе де байқамай келген. 1988 жылы ғана жазаланғанына елу бір жыл толғанда ақталған Ахмет мұрасы жұртымен қайта қауыша бастады. Одан бері сан рет толықтырылып, сан рет ықшамдалып басылған ғалым еңбектерінің қатарында бұл шағын кітапша айтылмай келді. Оқырман асыға күтіп отырған жаңалықты алғашқы болып айту – біз үшін теңдессіз бақыт.

Ахмет Байтұрсынұлы И.А. Крылов шығармаларынан аударған «Қырық мысалы» әмбеге аян. Алайда осы «Қырық мысалдың» ішіндегі бір мысалы – «Маймыл мен көзілдірік» атты шығарма өзі жеке бір кітапша болып шыққанын кім білген?! Мінеки, ғалым аударған құнды еңбектің бір парасы басылым көргеніне 101 жыл өткенде табылып отыр.

«Маймыл мен көзілдірік» атты мысал кітапша 1922 жылы Ташкентте басылған. Түркістан республикасының баспасөз шығарушы мекемесі жағынан басылым көрген бұл жәдігер Ұлт ұстазының көзіндей қымбатты мұра деуге болады. Кітапша өңді-суретті үлгіде басылған. Бас-аяғы 12 беттен тұратын кітапшаның жобасы кісінің көзін тартып, көңіліне түрлі ой салады.

Кітаптың мұқабасында жапатармағай ағаш басына өрмелеген маймылдар бейнеленген. «Маймыл мен көзілдірік» атты кітап атынан кейін «И. А. Крылов хикаясынан қазақшалап жазушысы А. Байтұрсынов» деп көрсетілген. Бұл беттің бір жағы жыртылған болса керек, кейбір сөздердің басқы буыны көрінбей қалған.

Кітаптың айқара бетінде әр жерінен сынған сары жапырақты ағаш бұтағының суреті өрнектелген. Бұл бетте де кітаптың атымен қоса, «И. А. Крылов хикаясынан қазақ тіліне алушы Байтұрсынов» деп көрсетілген. Мұқабада «қазақшалап жазушы» десе, айқара бетте «қазақ тіліне алушы» деп берілген. Осыдан кейін «Түркістан Республикасының баспа істерін басқару мекемесі» деп шығарушы орынның аты берілсе, одан төменірек орыс жазуымен «Ташкент, 1922 г.» деп басылған. Келесі беттен мысалдың мәтіні суреттермен қоса басылған.

Кітапшада сурет пен мәтін (өлең) бірге беріліп отырған. Қоңыр түсті маймылдың қимылына Ахаң аударған өлеңнің мазмұнының дөп келгеніне таңғалмау мүмкін емес. Суретшінің шеберлігі менмұндалап, маймылдың әр сәттегі көңіл күйін бет әлпетінен көрсетіп тұр.

«Маймыл мен көзілдірік» мысалының мазмұны да көптеген оқырманға белгілі. Маймыл көзілдірік пайдалы деген соң алып, бірақ қалай қолдану жолын білмей әлекке түседі, соңында оны сындырып тастайды. Мысалдың мәні: ақылы таяз адамдар өздерін басқадан ақылды санап, әр нәрсенің парқын білетіндей көрінуге тырысады, өздері түсінбейтін жайттарды, құны мен қажеттілігін ұқпайтын, өзі қолдана алмайтын заттарды сынап, жамандайды, сосын күш қолданып жоюға кіріседі. Маймыл ғылымдағы надан адамды бейнелейді. Білім де көзілдірік сияқты дұрыс қолдана білсең ғана пайдалы. Тәжірибесіздік, алысты көре алмау сырт көзге байқалып тұрады. Ел билеуші білімсіз болса, айналасына, елге қауіпті. Әр нәрсенің мәнін ұғып, талдап, салыстырып, түсіну қажет, білместікпен атүсті қарап, талқандауға жол беруге болмайды. «Жарымдық» деген сөзге надандық, қараңғылық қасиеттің мәнін сыйдырған. И.А. Крылов 1815 жылы мамыр айында қоғамдағы надандықты, білімсіздікті сынап, «Мартышка и очки» мысалын жазған. Мысалдың көлемі И.А. Крыловта 21 жол болса, А. Байтұрсынұлы оны 28 жол көлемінде аударған.

Кітапшаға мысал өлеңнің Ахмет аударған 28 жолы толықтай енгізілмеген. Соңғы бір шумақтағы аудармашының қорытынды ойы (төрт тармақ) алынып тасталған. Он екі беттік кітапшада суретті беттерге өлең шумақтарын орналастыра салмай, өлеңде айтылған мазмұнның суретпен бірдей шығуына аса мән берілгені байқалады.

Қартайып, нашар көрді маймыл көзі,
Ойлады ем етерге оған өзі.
«Көз азса, көзілдірік – емі», – деген
Тиетін құлағына жұрттың сөзі.
Бес-алты көзілдірік маймыл тапты,

Біразын құйрығына тізіп, тақты.
Қарады бірін иіскеп,
Бірін жалап.

Міне, осылай мысалдың мазмұнын толық білдіру үшін суретпен қоса кейде бірер сөз тіркесі ғана берілсе, ал бірде бірнеше шумақты түгел қосып отырған.

Қараңыз, маймыл не етті сонда тұрып,

Бір тасқа ұрды бәрін лақтырып.

Ашу мен жарымдықтан пайда бар ма?

Күл-күл боп көзілдірік қалды сынып.

Айналасы 12 беттен тұратын кітапшаның әр бетін толықтай тәпсірлеп жатуды артық жұмыс деп санадық. Дегенмен шағын да болса шанағына шартарапқа үлгі боларлық салмағы қорғасыннан ауыр ой сыйдырған ұстаздың кітабына қайран қалудан жалығар емеспіз.

Алаштанушы ғалымдардың көрсетуінше, Ахмет Байтұрсынұлының 23 кітабы жарық көргені белгілі. Бүгінгі таңда ғылыми айналымда барының да, жоғының да қатарында біз тауып алған «Маймыл мен көзілдірік» кітапшасы жоқ. Демек, жалғаннан жазықсыз жаламен аттанғанша ұлтына қызмет еткен егей тұлғаның бір мұрасы табылды деп жар салудың әбестігі жоқ. Ахметтей арыстың бір кітабын қойғанда – бір парақ жазбасы, бір сөйлемі де ұлт рухына мәңгілік азық екені даусыз.

Сөздің реті келіп тұрғанда, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» туралы да толғақты ойды ортаға сала кеткенді жөн көрдік.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы алуан тақырыптарда кітап жазған кемеңгер екеніне ешкімнің таласы жоқ. Жасынан-ақ қаламгерлік пен аудармашылыққа төселген А.Байтұрсынұлы ағартушылық жолында жазған көптеген оқулықтарына дейін де талайлаған еңбектер жазып үлгірген.

Орыс тіліндегі кейбір басылымдарға тырнақалды мақалаларын жариялап, шығармашылықта шыңдала түскен А.Байтұрсынұлының тұңғыш аударма кітабы «Қырық мысал» (өлеңдер) 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Сөз иесі Крылов Иван Андреевич (1768-1844) деген ақынның мысал өлеңдерінен таңдап қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жинақтады. Кітап 1909 жылы баспадан шыққанымен, басылымның айқара бетінде берілген «Орысшадан қазақшаға 1901-1904 жылдарда тәржіме еткен: Ахмет Байтұрсынұлы» деген ескертуге қарап, қалам иесінің бұл кітапты мұнан әлдеқайда ерте аударып, баспаға дайындағанын шамалауға болады. Бұл кезде ақын – 28-30 жастар шамасындағы тепсе темір үзетін жалынды жас еді. А.Байтұрсынұлының бұл кітабының баспадан шығуының өзі небір бұралаң жолдарды басып өткен. Арада он жылға жуық басылмай тұрған кітап ақыры 1909 жылы жұртқа жария болған.

Кемеңгер ғалымның жастық дәуренінде тәржімалаған бұл еңбегі өзінің көзі тірісінде үш рет басылым көрген. Атап айтқанда, алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық Ғылым академиясы баспаханасынан жеке жинақ етіп жариялады; кейін 1913 жылы Орынборда «Каримов, Хусаинов» баспаханасында және 1922 жылы Қазанда «Татарстан» баспаханасында жарық көрді.

А. Байтұрсынұлы тек И. А. Крыловтың ғана емес, «Калила мен Димна», «Панчатантра», әл-Мукаффа, Эзоп, Федр, Ж. Лафонтен мысалдарына ортақ сюжет желісін қазақ ұғымына түсінікті тілмен жеткізген, ғибратты, көркем, тәрбиелік мәні басым сатиралық нұсқаларды да аударған. Ал бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.

Ахмет Байтұрсынұлы репрессияға ұшырап, оның есімін атауға тыйым салынған 1930-1940 жылдары да оның кейбір шығармалары балаларға арналған жинақтарда, оқу құралдарында есімі кейде көрсетіліп, кейде көрсетілмей жарияланғанын айтады зерттеушілер. Ал Ұлт ұстазы «халық жауы» атанып, атылып кеткеннен кейін де, Түркия Республикасы түгел түрікке ортақ осы бір тұлғаның өмірі мен шығармашылығын зерттеуін тоқтатқан жоқ. Қытайдағы қазақтардың оқулықтарында А.Байтұрсынұлы ақталмай тұрған өткен ғасырдың екінші жартысында да ол аударған мысалдар көптеп енгізіліп отырды.

Ақынның есімі ресми ақталғаннан кейін «Қырық мысал» мәтіні 1989 жылғы «Шығармалары» жинағына, 1991 жылғы «Ақ жол» жинағына, 2003 жылы бес томдық шығармалар жинағының І томына, 2013 жылғы алты томдық шығармалары жинағының І томына енген. Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» 2022 жылы ғалымның он екі томдығына және академиялық толық жинағына енді. Өзге де көптеген жинақтарда «Қырық мысал» барынша қалыс қалмай келеді. 2004 жылы және 2008 жылы да жеке жинақ ретінде жарық көрген.

А. Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағы Ә.Бөкейхан, М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Б.Байғалиев, Р.Сыздықова, Ш.Сәтбаева, Р.Нұрғали, Ө.Әбдиманұлы, Қ.Мұхамедханов, С.Қирабаев, Д.Ысқақұлы, Р.Имаханбет, т.б. бірқатар ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады. Ал Т. Шаңбаев, М. Көпбосынов кандидаттық диссертация көлемінде зерттеді. Соншама көптеген жинақтарда «Қырық мысал» сан қайтара басылды. Соншама ғалымдар тобы Ахаңның бар мұрасын баптап, жоғын түгендеумен айналысуда. Ғасырдан астам уақыт құпия қойнауда жатқандай болған бұл кітапша – өзгенің емес, айналып келіп біздің алдымыздан шыққаны бір ғанибет.

Осылайша, Ұлт ұстазы, Алаштың теңдессіз көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалының» бір қиқымы іспетті бір кітапшасы табылды. Кітапты алыстан ат терлетіп іздемей-ақ, ғаламтордан тауып алдық. Анығырақ айтқанда, Қазақстандық ұлттық электронды кітапхананың ресми сайтынан kazneb.kz/kk Ахмет мұраларының әлдебір нұсқаларын қарап отырып тауып алдық. Кітаптың түпнұсқасы ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде сақтаулы.

Ат басындай алтынға айырбастауға қимайтын ғалымның көз жанарындай құнды аударманы аталған сайттан бізден басқа ешкімнің көрмегені – әрі қуаныш әрі жұбаныш сыйлайды. Қуанатынымыз – қалай деген күнде де ғалымның бір мұрасының басылғанына бір ғасыр аунағанда біз тауып, оқырманнан сүйінші сұрап отырмыз. Қынжылатынымыз – аталған ресми сайттан бұл жәдігердің бетін ашып көруші ешкімнің болмағаны. Тұлғатануға келгенде көшіміздің баяулығы да жасыруға келмейтін олқы тұсымыз. Өзге елдерде болса, Ахметтей көшбасшысының әрбір парақ еңбегі мен жарық дүниедегі әрбір сәті жүйелі зерттеледі. Ал біздегі жағдай айтпасақ та белгілі.

Кітапшаның бет-бейнесіне қарап, бұл еңбек қазақ басылымдарының ішіндегі өңді-суретті басылымдардың алғашқы қарлығаштарының бірі деуге болады. Себебі басқа арыстар мен зиялылардың еңбегін айтпағанда, Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде жарық көрген ондаған кітабын түпнұсқадан зерделеген азамат ретінде, бұл қазірге дейін табылған Ахаң еңбектеріндегі жалғыз-ақ өңді-суретті басылым екенін кесіп айтамыз. Өңді-суретті басылымдар өткен ғасыр басында қазақ баспасөзінде мүлдем болмады деуден аулақпыз. Дегенмен өзге авторлардың өңді-суретті басылымда шыққан кітаптары 1929 жылдары төте жазудан латын әліпбиіне зорлықпен көшу барысында көзге түсе бастайды. Ілияс Жансүгіровтың 1929 жылы латын әрпінде жарық көрген «Балаларға базарлық» атты кітабы осыған мысал. Ал бүгін ғана оқырманмен қауышып отырған Ахмет Байтұрсынұлының «Маймыл мен көзілдірігі» 1922 жылы ғалымның 50 жасқа толған кезінде Ташкендегі жастар жағынан ұсынылған тосынсыйы болмасына кім кепіл. Аға да, іні де Ахаң деп атап, алдынан кесе өтпеген бірегей кемел тұлғаның ізбасар іні достары арысы – Уфадан, берісі – Ташкеннен Алаштың Ахметін емірене сүюші еді. Ол туралы жазбалар да, қағази қазыналар да жеткілікті. Тіптен ғұламаның шұғылалы елу жас кезінде кітаптары қайта-қайта жүз мыңдаған таралыммен әр қаладан басылып тұрған кезде, түркістандықтар ұстаз аударған «Қырық мысалды» балаларға ұғынықты әрі қызықты бейнеде қырық бөлек, шағын кітапшалар етіп шығаруға талпыныс жасаған жоқ па екен деген болжам өздігінен көкейімізге келеді.

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін...» деп, парасат тұнған жүрегімен үн қатқан Ұлт ұстазының еңбегі саф алтындай жарқырап, ғасырдан соң қайта қауышқан сәтінде оқырманға, күллі Алаш баласына қуаныш құтты болсын, арыстар мұрасы түгенделе берсін деп, ізгі тілекпен ақжарма жазбамызды аяқтаймыз.

Әділет Ахметұлы,

ақын, Алаш мұраларын зерттеуші,

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің меңгерушісі

https://zhasalash.kz/ruhaniyat/ahmet-bajtursynulyn...

Address

Syganak 25
Nur-Sultan
010000

Opening Hours

Monday 09:00 - 18:30
Tuesday 09:00 - 18:30
Wednesday 09:00 - 18:30
Thursday 09:00 - 18:30
Friday 09:00 - 17:00

Telephone

+77172277133

Alerts

Be the first to know and let us send you an email when Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы posts news and promotions. Your email address will not be used for any other purpose, and you can unsubscribe at any time.

Contact The Business

Send a message to Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы:

Share